Қаратау ауданы прокуратурасында қылмыстық құқық бұзушылықтың профилактикасы талқыланды

31 қаңтар 2020 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Шымкент қаласы Қаратау ауданы прокуратурасында аудан әкімі, полиция және өзгеде мемлекеттік органдардың қатысуымен мекемеаралық мәжілісі өтіп, 2019 жылдың қорытындысы бойынша өсімі байқалған қылмыстарды құрықтау және қылмыстық істерді электронды форматта жүргізу мәселелері қаралды.
Аудан прокуроры Қантөре Хандиллаев, тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар 2,7%-ға төмендегенін атады. Дегенмен, алаяқтық қылмыстары бойынша азаматтарға жалпы 118 млн. теңге залал келтірілгеніне тоқталған аудан прокуроры құқық қорғау органдары жұмыстарының тиімсіздігін сынға алды.
«Уәкілетті мемлекеттік органдардың және полиция қызметкерлерінің өз жұмысына немқұрайлы қарау салдары қылмыстық құқық бұзушылық профилактикасының сапасыздығына алып келді» - деді аудан прокуроры.
Аталған мәселе бойынша аудан прокуратурасымен 2019 жылдың қазан айынан бастап алаяқтықтың алдын алуға бағытталған үгіт насихат жұмыстары жүргізіліп, әкімшілік ғимараттардың кіре берістеріне ақпараттық плакаттар ілініп, түсіндірме парақшалардың таратылуын ұйымдастырудың нәтижесінде, соңғы 3 айда алаяқтық қылмыстық құқық бұзушылықтары 25% төмендеді.
Жиынға қатысушылар ұрлық қылмысының алдын алу мақсатында жаяу патрульдің және жалпы полиция күштерінің маршруттары мен орналасу орындарын тыныш аймақтардан криминогенді аймақтарға жұмылдыру қажеттігін атап өтті.
Профилактикалық жұмыстардың қажетті деңгейде жүргізілмеуінің тағы бір салдары ол бұрын сотты болғандар мен масаң күйде жасалған құқық бұзушылықтың өсуі.
Мысалы, Қаратау ауданында спирттік ішімдік сатылатын екі мейрамханадан 32 рет полицияға шақыртулар түскен. Бұған қарамастан полиция қызметкерлері мейрамхана басшыларымен әлі де профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген.
Бұл бағытта полиция мен әкімдікке аталған орындарды зерделеп, нәтижелі шара қолдану тапсырылды.
​Электронды форматтағы сотқа дейінгі тергеп-тексеру іс-құжаты бойынша 2019 жылы аудандық полиция басқармасымен 667 іс тіркелген, оның 68-і сотқа жолданған. Полиция басқармасына осы нысандағы іс жүргізудің пәрменділігін арттыру ұсынылды.
​Мәжіліс қортындысымен қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында мекемеаралық арнайы топ құрылды.

Шымкент қаласы Қаратау ауданының прокуратурасы

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу