Прокуратура органдарында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәжірибесі туралы

10 қыркүйек 2019 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін жан-жақты, сапалы қарау, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру прокурорлар жұмысының басты бағытының бірі болып табылады.

Ағымдағы жылдың 8 айында Шымкент қаласының прокуратурасына жеке және заңды тұлғалардан 5356 өтініш келіп түскен, олардың 2843-і шешім қабылдау арқылы қаралған. Өтініштерді  қарау нәтижесінде 600-ден астам азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары қорғалды.

Прокурорлардың қабылдауында  1675 азамат болды.

Прокуратура органдарымен қаралған өтініштердің басым көпшілігі, яғни 75,7 % (2153) қылмыстық процестің сотқа дейінгі заңдылығын қадағалау саласына, 10 % (256) қоғамдық мүддені қорғау заңдылығын қадағалау саласына, 2,8 % (82) атқару өндірісінің заңдылығын қалағалау саласына, 2,8 % (82) жаза өтеу заңдылығын қадағалау саласына, 8,7 % қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау саласына қатысты.

Келіп түскен өтініштердің жартысына жуығы (2513) құзыреті бойынша қарау үшін басқа органдар мен ведомстволарға жолданды.

Өздерінің мәселелерін прокуратура органдарына жіберген кезде арыз берушілер көп жағдайда өткен жылдан бастап қолданысқа енгізілген прокурорлардың өтініштерді қарауының жаңа тәртібінен хабарсыз екені байқалады.

«Прокуратура туралы» Заңға сәйкес прокуратура органдары бұдан былай өтініштерді мынадай, егер:

- Президенттің тапсырмасы болған;

- адамның  өмірі  мен денсаулығына, қоғамның және мемлекеттің экономикасы мен қауіпсіздігіне орны толмас салдарға алып келетін қатер төнген;

- денсаулығының физикалық немесе психикалық бұзылуына және өзге де мән-жайларға байланысты адам өзін-өзі қорғай алмаған;

- шектелмеген адамдар қатарының құқығын бұзған, яғни объективті түрде адамдар қатарын анықтау мүмкін болмаған жағдайларда қарайды.

Бұл ретте, өтініштердің аталған санатын прокурорлар құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметінде заңдылықтың бұзылуы немесе оның болу қатері, сондай-ақ бақылаушы немесе қадағалаушы органның мүдделер қақтығысы болған не олардың шешіміне шағымданған жағдайларда ғана қарайды.

Сондықтан, егер өтініштер аталған критерийлерге сәйкес келмесе, онда азаматтар мен заңды тұлғалар өздерінің құқықтарын қорғау үшін тікелей уәкілетті органдарға не сотқа жүгінуі қажет.

Бұл талаптар, қарау тәртібі қылмыстық процестік, азаматтық процестік, әкімшілік құқық бұзушылық заңнамаларында, сондай-ақ жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметі саласындағы заңнамаларда белгіленген өтініштерге қолданылмайды.

2017 жылдан бастап азаматтық істер бойынша соттар шешімдеріне наразылық келтіру туралы прокурорлардың өтінішхаттарын қарау тәртібі өзгергеніне де назарларыңызды аударамыз.

АПК-нің 435-бабының жаңа редакциясына сәйкес процеске қатысушылардың өтінішхаттары бойынша Бас Прокурор прокурорлардың қатысуларымен қаралған азаматтық істер бойынша ғана наразылық келтіруге құқылы.

АПК-нің 54-бабының 2-бөлігі прокурорды үш жағдайда, егер дау мемлекеттің, қоғамның немесе өзін-өзі қорғай алмайтын азаматтардың мүдделерін қозғайтын болса ғана, қатысуға міндеттейді.

Бұл Бас прокуратура бұдан былай басқа даулар бойынша сот актілеріне Жоғарғы Сотқа наразылық келтіру туралы өтінішхатты қарай алмайды дегенді білдіреді.

Азаматтар мен заңды тұлғалар заңды күшіне енген шешімдерге Жоғарғы Сотқа шағымдануы тиіс.

Жоғарыда көрсетілген талаптарды білуі арыз берушілерге  бірден қажетті адресатқа жүгінуге мүмкіндік береді, бұл олар көтеріп отырған проблеманың шешілуін жылдамдатады.

2017 жылы 100 нақты қадам – Ұлттық жоспарын іске асыру шеңберінде Бас прокуратураның, облыс және оған теңестірілген прокуратураларының жанынан құрылған Құқық қорғау қызметтерінің орталықтары азаматтарға олардың құқықтық дауларын шешу кезінде елеулі көмек көрсетіп отырғанын атап өту қажет.

Орталықтардың негізгі міндеттері қол жетерлік қызмет көрсету, шағымдарды жедел шешу, құқық қорғау органдарына азаматтардың сенімдерін арттыру, әкімшілік кедергілер мен асыра бюрократизмді жою болып табылады.

Оларда күн сайын тәжірибелі прокурорлар қабылдауды жүзеге асырады, адвокаттар, медиаторлар, сот орындаушылары, пробация қызметінің және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері білікті және тегін құқықтық қызмет көрсетеді.

 

Шымкент қаласының прокуратурасы

 

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу