Шымкент қаласының прокуратурасында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселесі талқыланды

30 желтоқсан 2019 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF
Шымкент қаласының прокуратурасында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселесі талқыланды - 771854642

Шымкент қаласының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесі мәжілісінің кезекті отырысы өтті. Онда өткен мерзімде қаланың құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдарының көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бойынша атқарылған шаралардың толықтылығы, заңдылығы мен пәрменділігіне тексеріс нәтижелері қаралды.

Шараны ашқан қала прокуроры Мақсат Қожабаев, Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында көлеңкелі экономиканың көлемін жəне капиталды шетелге шығаруды азайту бойынша стратегиялық міндетіне тоқталып, бұл саладағы мемлекеттік органдар жіберген кемшіліктерді атады.

Тексеріс барысында Мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан бақылау жеткіліксіз болғандықтан 2014-2019 жылдары 30-дан аса салық төлеуші 10,3 млрд теңгені құрайтын салықтарды төлеуден жалтарып, мемлекетке елеулі залал келтіргені анықталды.

Сондай-ақ салық органдары шот-фактураларды жазумен айналысқан тұлғалардың 159 контрагентіне корпоративті табыс салығын төлеу қажеттігі туралы хабарламаларды жолдамаған. Бұл өз кезегінде салық органдарының әрекетсіздігінен мемлекетке 770,2 млн теңге корпоративті табыс салығы өндірілмеген.

Жиында кеден және салық органдары қызметінде өңірге импортталған кедендік ресімдеудің заңдылығы, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл мәселесі, шетелге заңсыз шығарылған активтерді кері қайтару жолдары және экстремизм мен терроризмді қаржыландыру деректері мен банкроттық ресімдер кезіндегі салықтан жалтару жайттары қаралды.

Банкроттық ресімдерге мемлекеттік бақылау тиісті дәрежеде жүргізілмеу салдарынан 95 борышкерден мемлекет алдындағы жалпы қарызы 23,7 млрд. теңге өндірілмеген.

Мысалы соттың 09.08.2019 жылғы шешімімен кәсіпорын банкрот деп танылған.

2017-2018 жылдары кәсіпорынның жылдық жиынтық табысы 9,5 млрд теңге болғанымен, шегерімге 0 теңгені жатқызып, сатып алушы кәсіпорындары арасындағы қаржы-шаруашылық қарым-қатынасынан болжамды түрде бюджетке 3 млрд теңге салықтарды төлеуге тиіс болғаны салық органдарының назарынан тыс қалған.

Прокуратура салық органдарының назарынан тыс қалған жалған шот-фактуралар жазумен айналысқан 4 заңды тұлғаны анықтап, мемлекетке болжаммен 10,8 млрд теңге құрайтын залал келтіргені үшін, сотқа дейінгі тергеп тексерулерді (ҚР ҚК-нің 216-б. 3-б., 385-б. 2-б.) бастады.

Бұдан бөлек, прокуратура жолған шот-фактураларды жазып, мемлекетке 6,5 млрд. теңге залал келтірген 31 бір күндік кәсіпорынға тосқауыл қойыды.

Тексеру барысында қылмыстық схеманың ұйымдастырушысы К.Тикунова және оның әріптестеріне қатысты қылмыстық топ құрамында салық төлеуден жалтару фактісі бойынша іс қозғалып, сотқа жолданды.

Кеңес мүшелері қылмыстық іс-әрекеттермен мемлекетке келтірілген залалды өндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде қала прокуроры мәжіліске қатысушылардың назарларын әрбір құқық бұзушылықтың артында еліміздің экономикалық қауіпсіздігі мен мемлекетіміздің дамуы тұрғандығынына назар аударды.

Кеңес қорытындысымен бірқатар нақты ұсыныстар әзірленді.

 

Шымкент қаласының прокуратурасы

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу