Бас прокуратурада құқық қорғау қызметін цифрландыру және жаңғырту мәселелері талқыланды

16 тамыз 2018 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF
Бас прокуратурада құқық қорғау қызметін цифрландыру және жаңғырту мәселелері талқыланды - 250453153

2018 жыл 16 тамыз, Астана. Бас Прокурордың төрағалық етуімен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, онда қылмыстық процесті цифрландыру, сондай-ақ құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері талқыланды.

Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев, Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің өкілдері, қаржы министрі, Үйлестіру кеңесінің мүшелері қатысты.

Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберіндегі тапсырмасына сәйкес елімізде қылмыстық сот ісін жүргізу электронды форматқа кезең-кезеңмен көшірудің жүзеге асырылып жатқаны аталып өтті.

Жобаны іске асырудың басты мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау және сот төрелігіне жылдам қол жеткізуді қамтамасыз ету.

Автоматтандыру қылмыстық процестің барлық сатысын: қылмысты тіркеуден бастап үкім орындалғанға дейін қамтиды деп күтілуде.

Істерді электронды форматта тергеп-тексерудің артықшылығы – оңтайландыру, дәлелдемелерді жинау және процестік құжаттарды жасау рәсімдерінің жеңілдетілуі, сондай-ақ прокурорлық және сот бақылауының күшеюі.

Бүгінгі таңда 5 мыңға жуық іс электронды түрде тергеп-тексерілуде, оның  2,3 мыңы сотқа жолданған.

Үйлестіру кеңесінің төрағасы – Бас Прокурор Қайрат Қожамжаров атап өткендей, электронды сот ісін жүргізуді толыққанды енгізу үшін қылмыстық қудалау органдарын қаржыландыру, тиісінше техникалық жарақтандыру және қызметкерлерге оны жүргізу дағдыларын оқыту мәселелерін шешу қажет.

Осыған байланысты, Үкімет мүшелері жобаны одан әрі іске асыру үшін қаражат бөлу мәселесін талқылады, ал құқық қорғау органдарының басшыларына қылмыстық процесті кезең-кезеңмен автоматтандыру мерзімінің мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Одан кейін қылмыстық процесте азаматтардың қорғалу деңгейін көтеру, оның әсіре қатаңдығын төмендету, қылмыстық сот ісін жүргізу нысандарын оңтайландыру бойынша уәкілетті органдар қабылдап жатқан шаралар туралы баяндамалар тыңдалды.

Мысалы, қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жаңғыртуға бағытталған Заң қолданыста болған 7 ай ішінде ұсталғандар (9 789-дан 6 508-ге дейін), күзетпен ұсталғандар (8 835-тен 6 148-ге дейін) және бас бостандығынан айыруға сотталғандар (12 414-тен 4 231-ге дейін) саны үштен бір бөлігіне азайған.

Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мақсатында сотқа барлық тергеу әрекеттерін санкциялау бойынша өкілеттіктерді кезең-кезеңмен беру аяқталды.

Ағымдағы жылдың наурызынан бастап соттар жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге 8 мың санкция берген.

Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен 600-ден астам іс аяқталған.

Бас Прокурор жасырын тергеу әрекеттеріне бастама жасау кезінде заңдылықтың және азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол берілмеуіне, азаматтарды негізсіз ұстау фактілерін болдырмауға, дәлелдемелерді жинау бойынша адвокаттардың өкілеттіктерін іске асыру кепілдігінің қамтамасыз етілуіне айрықша көңіл аударды.

Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша бірқатар нақты ұсынымдар әзірленді.

                                                               

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

 

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу